Мәжіліс депутаты әлеуметтік осал топтағы жандарға берілетін ипотека үлесін азайтуды ұсынды
Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында ипотекалық несие бөлу тәртібіне өзгеріс қажеттігін айтты.
Оның сөзінше, ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру баспана қорының жалпы көлемiнiң кемiнде 70 пайызын әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, 20% жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және қалған 10% үлесі кезектегі басқа азаматтарға сату туралы талап орындалмай жатыр.
Бұл ретте ол Тараз қаласындағы 2025 жылғы деректерді алға тартты. Депутаттың айтуынша, Тараз қаласы бойынша өткен 2025 жылы 706 пәтер сатылымға шығарылса, азаматтардың төлем қабілетінің расталмауына байланысты небәрі 588 пәтер ғана берілген. Ал, биыл Тараз қаласы бойынша 1 278 пәтерден тұратын 29 көп қабатты үйлердің құрылысы аяқталып сатылымға шығарылғалы отыр.
"Заңнамаға сәйкес аталған үйлердің 70% немесе 895 пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ұсынылса былтырғы жағдай тағы да қайталануы әбден мүмкін. Осал топтағы азаматтардың төлем қабілетінің төмен болуы пәтерлердің уақытылы сатылмауына әкеліп, жергілікті атқарушы органдардың облигациялық қарыз борыштарын мерзімінде өтелуіне кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты, салалық министрдің бұйрығының тиісті өзгертулерді енгізу арқылы осал топтағы азаматтарға сатылатын пәтерлердің үлесін 70%-дан 50%-ға дейін төмендету немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру шарттарын жеңілдету мүмкіндігін қарауыңызды сұраймыз", – деді Мұқаш Ескендіров.