Маңғыстауда тұңғыш рет "Бесік арба" шеруі өтті
Шараның мақсаты – қоғамдағы отбасы институтының маңызын көтеру, аналар мен қыздардың құндылығын дәріптеу.Маңғыстауда "Әлемнің жарығын сыйладым мен саған!" атты бесік арба шеруі өтті, деп хабарлады mangystaumedia.kz.
Жиынды ана мен бала мәртебесін арттыру мақсатында "Қазақ аналары – дәстүрге жол" РҚБ МОФ ұйымдастырды. Ақтау қаласының аяулы әжелері және асыл аналары халқымыздың салт-дәстүрлерінен үзінділер көрсетіп, өнегелі әңгімелерімен бөлісті. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестік басшысы Бибігүл Рамазанова рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында еліміздің әр өңірінде жиындар өтіп жатқанын айтып өтті.
"Бұл іс-шара алдағы уақытта жалғасын таппақ. Шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы отбасы институтының маңызын көтеру, аналар мен қыздардың құндылығын дәріптеу. Жиналған көпшілік шеруде келіндердің сәлем ету рәсіміне куә болды. Көпшілікке бата берген Болат қажы Жапырақұлының ұлағатты әңгімесін тыңдап, ризашылықтарын білдірді", – деді Бибігүл Рамазанова.
Сонымен қатар, республикалық "Қазақ аналары – дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігінің Ақтау қалалық филиалының ашылу салтанаты өтіп, лентасы қиылды.
Оқи отырыңыз: Қазақ халқы баланы бесікке бөлеген. Бесіктің жасау-жабдықтарын білесіз бе?