Маңғыстауда "Әлемнің жарығын сыйладым мен саған!" атты бесік арба шеруі өтті, деп хабарлады mangystaumedia.kz.
Жиынды ана мен бала мәртебесін арттыру мақсатында "Қазақ аналары – дәстүрге жол" РҚБ МОФ ұйымдастырды. Ақтау қаласының аяулы әжелері және асыл аналары халқымыздың салт-дәстүрлерінен үзінділер көрсетіп, өнегелі әңгімелерімен бөлісті. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестік басшысы Бибігүл Рамазанова рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында еліміздің әр өңірінде жиындар өтіп жатқанын айтып өтті.
"Бұл іс-шара алдағы уақытта жалғасын таппақ. Шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы отбасы институтының маңызын көтеру, аналар мен қыздардың құндылығын дәріптеу. Жиналған көпшілік шеруде келіндердің сәлем ету рәсіміне куә болды. Көпшілікке бата берген Болат қажы Жапырақұлының ұлағатты әңгімесін тыңдап, ризашылықтарын білдірді", – деді Бибігүл Рамазанова.
Сонымен қатар, республикалық "Қазақ аналары – дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігінің Ақтау қалалық филиалының ашылу салтанаты өтіп, лентасы қиылды.
Оқи отырыңыз: Қазақ халқы баланы бесікке бөлеген. Бесіктің жасау-жабдықтарын білесіз бе?