Маңғыстау мұнайшылары жергілікті шаруаларға 100 мың литр дизель отынын береді
Бұл отын қуаңшылық салдарынан пайда болған жем-шөп тапшылығын жоюға жұмсалады."Маңғыстаумұнайгаз" АҚ Қарақия мен Маңғыстау ауданы ауыл шаруашылығы саласына қолдау ретінде жыл соңына дейін 100 мың литр дизель отынын көмек ретінде жолдайды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Ауыл шаруаларын қолдау шарасы шілде айынан басталған. Осы күнге дейін Қарақия ауданына 15 500 литр және Маңғыстау ауданы қажеттіліктеріне 5 мың литр дизель отыны жолданды. Бұл отын қуаңшылық салдарынан пайда болған жем-шөп тапшылығын жоюға жұмсалмақ.
"Қарақия аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, "Кендірлі-Қаясан" мемлекеттік табиғи қорығы, Темірбаба, Сәрсенбай кен орны, Сайөтес жері мен Ақтөбе облысында жалпы саны 8 шөп орушы бригада қызмет етіп жатыр. Күні бүгінге дейін 2 322 тонна шөп орылып, Қарақия ауданына қарасты Құланды, Жетібай, Мұнайшы, Бостан, Сенек, Құрық және Болашақ ауылдары шаруаларының арасында үлестірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 4 мың тоннаға жетеді деп жоспарланып отыр", – делінген хабарламада.
Бұдан өзге, Қарақия ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі ұйымдастыруымен компания жүк тасымалдаушыларға дизель отынын береді. Компания осылай жол шығынан өтеу арқылы өлкеге сырттан әкелінетін жем-шөп бағасын тұрақтандырмақ.
Еске салсақ, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының азаматтары қуаңшылықтан қиналған Маңғыстауға 25 вагон жем-шөп жөнелтті.