Маңғыстау мен Атырау облысында Kids Athletics жобасының оқыту курстары өтті
World Athletics ұйымының балаларға арналған жаһандық Kids Athletics жобасы Қазақстанның бірқатар өңірінде жүзеге асырылып жатыр, , деп хабарлады Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі.
Бұған дейін Алматы және Қарағанды қалаларында енгізілген бастама енді Маңғыстау облысы мен Атырау облысы аумағын қамтыды.
Маңғыстау облысында 32 мектептен келген 120-дан астам мұғалім қатысып, теориялық және практикалық сабақтардан өтті. Сонымен қатар, Мұнайлы ауданы №17 мектебінде 48 оқушының қатысуымен эстафеталық жарыстар ұйымдастырылды. Ал Атырау облысында 73 мектептен 100-ден астам мұғалім оқытылып, №44 мектеп-гимназиясында 48 оқушы қатысқан практикалық іс-шаралар өтті.
"Оқыту қорытындысы бойынша өңірлерде бағдарламаны әрі қарай жүзеге асыратын жергілікті лекторлар пулы қалыптастырылады. Жыл соңына дейін осыған ұқсас оқыту курстарын Түркістан, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында өткізу жоспарлануда", – делінген хабарламада.
Аталған бастама елімізде бұқаралық спортты дамытуға және жеңіл атлетика бойынша болашақ спорт резервін қалыптастыруға елеулі үлес қосады.