Маңғыстау облысында балаларды таяқпен тәртіпке салған мұғалім жұмысынан босатылды
Оқиға Мұнайлы ауданындағы жекеменшік мектептердің бірінде болған.Қазір жас ұстаздың балаларды не үшін жазалағаны анықталып жатыр. Әлеуметтік желіге таралған видеодан қолына таяқ ұстаған педагогтың оқушылардың қолынан ұрып жүргенін байқауға болады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бастауыш сыныптың ұлдары алақандарын тосып тұр. Ал, мұғалім әрқайсысының жанына барып, таяқпен салып жібереді. Бейнежазбадан бір оқушының бұрышта тұрғаны көрінеді. Ал облыстық білім басқармасы мұғалімге тиісті жаза қолданғанын мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Бір жарым жасар баланы ұрып-соғу: Қызылордада балабақша қызметкері жұмыстан босатылды
"Ол төрт ай жұмыс өтілі бар жас маман, бастауыш сынып мұғалімі. Ұстазға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Сондай-ақ, негізгі бұйрыққа сәйкес «қатаң сөгіс» тәртіптік шарасы тағайындалды. Педагог 2024 жылдың 17 қаңтарында жұмыстан босатылды", – деп жазылған Маңғыстау облысы білім беру басқармасының баспасөз хабарламасында.