Магистратураға 42 569 адам құжат тапсырды. Басым бөлігі педагогика саласын таңдаған
Кейінгі кезекте инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары тұр.Ұлттық тестілеу орталығы магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге өтініш қабылдау қорытындысын жариялады. Үміткерлердің жалпы саны – 42 569.
Құжат тапсырғандардың басым бөлігі педагогикалық ғылымдарды таңдаған. Олардың үлесі – 42 пайыз.
Сондай-ақ, келесі кезекте инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларын (6848) және бизнес, басқару және құқық салаларын (4968) таңдағандар көп.
"Кешенді тестілеудің күні, уақыты, орны туралы ақпарат жеке кабинетіңіздің "Менің іс-әрекетім" бөлімінде 18 шілдеде жарияланады. Тестілеуге қатысу үшін жеке басын куәландыратын құжаттың болуы міндетті", – делінген ҰТО хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Магистратура мен докторантураға түсу бойынша 8 маңызды сұраққа жауап
Еске салайық, магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге өтініштер 1 маусым мен 15 шілде аралығында қабылданған болатын.