Мадридте "Бесік жыры" мультфильмі 1500 туынды арасында жеңімпаз атанды
Мәдениет және спорт министрлігі 2030 жылға дейін анимациялық фильмдерді 35 пайыз арттыруды жоспарлап отыр."Бесік жыры" қысқаметражды анимациялық фильмі Мадридте өткен беделді кинофестивальде "Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм" жүлдесін жеңіп алды. Халықаралық байқауға 1500 анимациялық жұмыс үміткер ретінде ұсынылған, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
"Қазақстандық анимациялық фильмнің беделді халықаралық байқаудың бас жүлдесін иеленгені – отандық анимация саласының оң бағытта дамып келе жатқанының көрсеткіші деп санауға болады. Мәдениет және спорт министрлігі 2030 жылға дейін жалпы прокаттағы қазақстандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін жыл сайын кемінде 10 анимациялық жоба жасалатын болады", – деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Министр өткен жылы "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі құрылғанын еске салды. Аталған ұйым отандық анимация мамандарының шеберлігін шыңдап, анимациялық жобаларды шығаруға қолдау көрсетеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда отандық фильмдердің прокаты 2030 жылға дейін 35 пайызға артады
Айта кетейік, "MADFA Madrid Film Awards – 2023" – жыл сайын өз алаңында әлемнің ең үздік туындылары мен талантты режиссерлердің басын қосатын кинофестиваль.