Мәдениеттанушы: Ұлт мерекелерін танымал ету үшін олардың бизнес мүддесі болуы керек
Бұл үшін мәжбүрлі емес, маркетингтік тәсілдер қолданылуы тиіс.Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева Aikyn басылымына берген сұхбатында қазақтың Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні, Наурыз мейрамы сынды ұлттық мерекелері неге Хеллоуин сынды танымал бола алмай тұрғаны туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, Батыс елдеріндегі танымал мерекелер бизнеске айналып кеткен. Мәселен, Хеллоуин қарсаңында қорқынышты костюмдер, асқабақ, басқа да аксессуарларды сату компанияларға зор пайда түсіреді.
"Саясаттанушы, мәжіліс депутаты Айдос Сарымның "Ұлттық мерекелеріміз бизнеске пайда түсірмейінше, жалпыхалықтық мерекеге айнала алмайды" деген сөзі бар. Бұған Үкімет араласуы керек дегенімізбен, маркетингтің үлесі басқаша болады. Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күнін алсақ та, Наурыз мейрамын алсақ та, әрқайсының өзіндік сценариі, бизнес мүдделері болуы қажет. Олар жайлы жұртқа қызық болатындай кино, мультфильм сияқты медиаөнімдер түсірілуі керек", – деді Зира Наурызбаева.
Оқи отырыңыз: "Амалмен шатастырмау керек". Зейнеп Ахметова Наурыз мерекесі туралы
Мәдениеттанушы, сондай-ақ, қазіргі Қазақстан қоғамы көптеген бөлікке бөлінгенін айтты. Кеңес заманынан қалған мерекелерді тойлайтындар да, мұсылман мерекелерінен басқа ештеңені мойындағысы келмейтіндер де, Батыстан келген заманауи мерекелерге құмар жастар қауымы да бар.
"Қоғамда мұндай дискуссиялар бітпейді: әртүрлі топтар өз мүддесіне сай, өз танымына сай пікірін айта береді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ, оны "сайтанның" мерекесі деп атау, соны тойлағаны үшін осы адамдар арам өлді деп табалау орынсыз", – деді Зира Наурызбаева.