Қазақстанда банан, лимон және басқа да экзотикалық жемістерді өндіру көлемі артып келеді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Назгүл Хатепова айтты.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары елімізде экзотикалық жемістерді өндіру қарқынды өсіп келеді.

"Табиғи-климаттық жағдайларға байланысты ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ету қиын. Бірақ нарықта бұл өнімдер бар. Туркістан облысында және оңтүстік аймақтарда осы жемістердің өндірісі жүргізіледі", – деді Назгүл Хатепова брифингіде.

Оның сөзіне қарағанда, Туркістан облысындағы жылыжай кешені жылына 1000 тоннаға дейін банан өндіреді.

"Әрине, бұл көлем елдің ішкі нарығын толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Бірақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жеңілдетілген несие беру арқылы өндіріс көлемін арттыруға барлық жағдай жасалып жатыр", – деді ол.

Сонымен қатар Назгүл Хатепова қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, отандық өнім өндірісін арттыру мүмкін екенін атап өтті.