"Күніне 15 мың, айына 450 мың теңге пайда": Мұқаев жарнамасы күмәнді компанияларды тексеруді сұрады
Депутаттың айтуынша, қаржылық пирамидалар да қоғамда трансформацияланып жатыр.Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдаған сауалында халыққа жеңіл табыс көзін уәде етіп, алдап-арбайтын күмәнді компаниялардың қызметіне тексеру жүргізуді талап етті. Оның айтуынша, мұндай ұйымдар көбінесе заманауи технологияларды пайдаланады және әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істейді.
Дәулет Мұқаев өз сауалында мұндай екі компанияны атады:
- Біріншісі – Harmony Rider Technology атауымен самокаттарды жалға берумен айналысып, халықты инвестор болуға үгіттеп жүрген компания.
Депутаттың сөзінше, ол өзін тек самокатты жалға беруші компания ғана емес, әлемде экологиялық тазалықты қолдайтын ұйым ретінде көрсетеді.
"24 сағат самокаттарды жалға беріп, 5 сағатын инвесторға, 19 сағатын компания өзіне қалдырады екен-мыс. Бір қызығы, бұл компанияның ресми тіркелген сайты да, компания ретінде тіркелген заңды құжаты да жоқ. Айтуларынша күніне 15 000 теңгеден бастап табыс табу мүмкіндігі бар. Ол ол ма? Ақтөбе қаласынан кеңсе де алып, жарнамасын айқайлата ілген. Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық", – деді депутат.
- Екіншісі – JDL компаниясы. Бұл ұйым қытайлық компанияның атын жамылып, президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың Қытайға іссапары кезінде түскен суреттерді пайдаланады.
Компания жылына 390 000 теңге салып, Қытайдан шыққан жүк көліктері Қазақстан аймағынан өткенде әр тауардан қомақты пайда түсіп отырады деп сендіреді.
"Яғни, бір реттік 390 мың теңге салған адамға, айына 450 мың теңге таза пайда табатынын айтуда. Бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, бұл компанияға еліміздің 150 мыңнан астам азаматы тіркеліп үлгерген", – деді Дәулет Мұқаев.
Оқи отырыңыз: Алаяқтықтар саны 3000% өсті. Deepfake жасаған фото мен видеоны қалай ажыратамыз?
Мәжіліс депутаты, сонымен қатар Sirius Energy, SinoTrans, Fashion Star атауымен бірнеше компаниялар осындай жүйемен өз қызметтерін ұсынып жүргенін де құлаққағыс етті.
"Қазіргі таңда Ұлттық банк тарапынан қойылған пайыздық жылдық мөлшерлеменің ең жоғарғысы 17-18 пайыз ғана. Ал қаржылық пирамидаларда бұл көрсеткіш 250-400 пайызға дейін жетіп отыр. Алданатын халық саны одан сайын көбеймей тұрғанда дереу тексеріс жүргізіп, қаржылық пирамиданың белгілері болса халықты тез арада ақпараттандыруға және аталған компаниялардың қызметіне шектеу қоюды сұраймын", – деді Дәулет Мұқаев.