Жамбыл облысының Сарысу ауданында әлеуметтік желіде өзгеге жала жапқан әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот мәліметінше, оқиға биыл қаңтар айында болған. Әйел TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, көршісін қаралаған. Ол күйеуін көрші әйелмен байланысы бар деп күдіктеніп, эфир барысында екеуінің суреттерін жариялап, балағат сөздер айтқан.

"Жәбірленуші сотқа жүгініп, тиісті жаза тағайындауды сұраған. Сотта айыпталушы өзінің заңды некеде екенін және алты кәмелетке толмаған баласы бар екенін мәлімдеген. Ал жәбірленуші бұл әрекеттер оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп, моральдық зиян тигізгенін айтқан. Сот істі қарап, әйелді кінәлі деп таныды. Сонымен қатар оның алты баласы бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді", – делінген хабарламада.

Нәтижесінде айыппұл мөлшері 30 пайызға қысқартылып, сот қаулысына сәйкес әйелге 544 мың теңге айыппұл салынды.