Коронавирустың "Дельта" штамы Алматы облысы мен Шымкент қаласында анықталды
Шымкентте штамм дүниеге келгеніне әлі бір ай толмаған сәбиден табылған.Шымкент қаласында азаматтар "Дельта" штамын жұқтырып жатыр. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан хабарлады. Өңір – "қызыл" аймақта.
"Жаңа штамм тез тарайды. Жұққан адамның ауруы тез асқынып кетеді. Ата-анаңыз бен балаларыңызды сақтап жүріңіз. Балалар арасынан да көп шығып жатыр. Бүгін туғанына бір ай толмаған сәбиден табылды", – деп жазды Шыңғыс Мұқан.
Сондай-ақ, Алматы облысы Талғар аудандық ауруханасының бас дәрігері Хасен Дасибеков бүгін аталған ауданда бір адамның "Дельта" штамын жұқтырғанын хабарлады.
"Ауданда бір адамның "Дельта" штамын жұқтырғаны белгілі болды. Ол салыстырмалы түрде бұған дейін анықталған штамдарға қарағанда 60% жылдам жұғады. Орташа есеппен бір науқас бұл штамды 5-6 адамға таратады. Жұқтырған адамның жүрегі айнып, құсады. Сондай-ақ, буындары қатты ауырады", – деді дәрігер.