Коронавирус жұқтырған елордалық әйелдердің жартысына жуығы ауруханада ем алды
Елордада 90 мыңға жуық 12 жастан асқан бала, жүктілігі үшінші триместр шамасындағы 16 мыңға жуық әйел бар.Pfizer екпесін жүктіліктің тек үшінші триместрінде салуға болатындықтан, оны жүкті емес әйелдер алдап салдыруы мүмкін емес, деп мәлімдеді Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
"Өткен жылы ПТР-тест арқылы коронавирус диагнозы расталған 652 адам көз жұмды. Биылғы 9 ай ішінде 1 681 адам қайтыс болды. Осылардың ішінде коронавирус диагнозынан көз жұмған балалар жоқ. Қайтыс болғандар арасында коронавирус ПТР-тест арқылы анықталғанымен, олардың өзінің басқа да созылмалы ауруы болған. Мұнымен қатар, көз жұмғандардың ішінде екі жүкті әйел бар", – деді Тимур Мұратов.
Жалпы 2 062 жүкті әйел Covid-19 жұқтырып, олардың 859-ы ауруханада жатып ем алған. Сондай-ақ, 13 мыңға жуық баланың коронавирустан емделіп шыққаны белгілі болды.
Бұдан өзге елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Pfizer екпесін жүкті емес әйелдердің алдап салдыруы мүмкін еместігіне тоқталды. Өйткені, оны әйелдер жүктіліктің тек ІІІ триместрінде ғана салдыра алады.
"Әрине, бұл денсаулық сақтау министрлігінің еншісіндегі мәселе. Жуырда Pfizer екпесін салу тәртібі нақты қалай жүзеге асатыны туралы құжат жарияланады деп ойлаймын. Pfizer өндірушісінің нұсқаулығында оның 12 жастан асқан балалар мен жүктіліктің үшінші триместріндегі әйелдерге қолданылуы мүмкін екені туралы жазылған. Меніңше, бұл триместрде әйел адам қандай да бір жолмен өзін жалған жүктімін деп көрсете алмайды. Бұл – өте үлкен мерзім. Денсаулық сақтау министрлігі қандай мөлшерде қанша адамға салу керегін шешкенде мұны жүзеге асыруға дайынбыз. Бұл жұмыс орталықтандырылады деп түсінемін. Олар арнайы салқындататын жабдықтармен қамтиды, ал біз өз кезегімізде оны халыққа жеткізуге тырысамыз", – деді Тимур Маратов.
Мұнымен қатар, ол Pfizer екпесін салдыруға қатысты жемқорлық орын алмайтынына сенімді екенін және процесс жіті бақылауда болатынын айтып сендірді.