Қазақстан Республикасының Конституциясында кіріспе бөлімді толық жаңарту және мемлекет пен дін арасындағы өзара іс-қимыл нормаларын жетілдіру ұсынылды. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияның түзетулер жобасын таныстыру барысында мәлімдеді.

Ол еліміздің Ата Заңының кіріспе бөлімін жаңа жалпыұлттық құндылықтар мен қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып толығымен жаңа редакцияда рәсімдеу ұсынылғанын атап өтті.

Оның айтуынша, преамбулада Конституцияны қабылдаудың іргелі мақсаттары, принциптері, құндылықтары мен негізгі себептері айқындалған. Сондай-ақ онда мемлекеттің миссиясы, тарихи мәні және қоғамдық бағдарларды айқындайтын мәдени ерекшеліктер көрініс тапқан.

"Жобада мемлекеттің мәртебесі айқындалады: Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары", – деді Бақыт Нұрмұханов.

Жалпы алғанда, ол "Конституциялық құрылыс негіздері" бөлімінде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, Қазақстанның егемендігін, аумақтық тұтастығын және басқа да маңызды принциптерді бекітетін іргелі ережелер көрініс табатынын атап өтті. Сонымен қатар, билік тармақтарының бөліну принципі туралы норма жаңаша тұжырымдалып, еліміздің қолданыстағы құқық мәселелеріне қатысты конституциялық ережелер нақтыланды.


Оқи отырыңыз: Қазақстан аумағының тұтастығы мен оған қол сұғылмайтыны туралы норма өзгермейді – Конституциялық комиссия


Бақыт Нұрмұханов қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, қоғамдық бірлестіктердің қызметін және олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын реттейтін конституциялық нормалардың нақтыланғанын айтты.

"Мемлекет пен діннің өзара іс-қимылы, мемлекеттік рәміздер және өзге де мәселелер бойынша нормалар жетілдіріліп жатыр", – деп түйіндеді ол.