Конституциялық комиссия мүшелері жаңа Ата Заң қабылдау жөнінде ұсыныс көтерді
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында жаңа Конституция қабылдау туралы ұсыныс тастады. Ол бұл ретте Конституцияға енгізілетін өзгерістердің көптігін алға тартты.
"Конституциялық комиссия аясында жаңа Конституция мәселесін қарау орынды деп санаймын. Сөз соңында бұл өзгерістер бойынша түпкілікті шешімді Қазақстан халқы қабылдайтынын тағы бір мәрте атап өткім келеді. Бұл өзгерістердің тағдырын референдум айқындайды. Бүгінгі біздің міндетіміз – қоғамға айқын әрі адамға бағытталған Конституциялық шешімдерді ұсыну", – деді ол.
Бұл бастамаға Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай да қолдау білдірді.
"Қолданыстағы Конституция мемлекеттігіміздің қалыптасуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп, маңызды тарихи рөл атқарды. Алайда, бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам жаңа сын-қатерлерге, сондай-ақ басқару тиімділігіне, құқықтық айқындыққа, адам құқықтарын қорғауға қойылатын жоғары талаптарға толып отыр. Жаңа Конституция мемлекеттің негізгі құндылықтарын сақтап, оларды жинақталған тәжірибе негізінде одан ары дамытуға мүмкіндік береді. Бұл құқықтық айқынсыздықты жоюға, заңнаманың үйлесімділігін арттыруға және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға жағдай жасайды", – деді Серік Ақылбай.