Конституциялық комиссияның отырысында Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева адамның қадір-қасиеті, абыройы және жеке өмірін жүйелі түрде қорғауға бағытталған Конституцияға түзетулер жиынтығын таныстырды. 

Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер конституциялық норманы нақтылап, адамның қадір-қасиетімен қатар абыройын, жақсы атын және қоғамдық беделін тікелей қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл нормаға қолданбалы сипат беріп, жеке тұлғаның құқықтарын қорғауда мемлекеттің рөлін күшейтеді.

"Конституция нормасын осылай нақтылау арқылы ол тек адам қадір-қасиетін қорғаумен шектелмей, абыройды, яғни жақсы ат пен қоғамдық беделді де қорғайды. "Заңмен қорғалады" деген сөздерді қосу норманы тек қағаздағы қағида емес, нақты іс-қимылға айналдырады: мемлекетке адамның қадір-қасиетін қорлаған, жария түрде әжуелеу немесе қысым көрсету жағдайында тиімді қорғау жасау міндеті жүктеледі", – деді мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, Конституцияның 18-бабын жаңартып, жеке өмір мен отбасы құпиясын, сондай-ақ жеке деректерді заңсыз жинау, өңдеу, сақтау және пайдалану, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы қорғалатынын нақтылау ұсынылды.

Снежанна Имашеваның айтуынша, бұл түзетулер цифрлық дәуірдің қазіргі талаптарын ескереді және азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған. Оған деректерді дұрыс пайдаланбау немесе олардың жария болуына қатысты жауапкершілікті енгізу де кіреді. Түзетулер жеке ақпаратпен жұмыс істеудің айқын және түсінікті ережелерін қалыптастыруға арналған.