Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілерін оқыту ісіне бірқатар өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа жобаға сәйкес, көлік жүргізушілерін даярлайтын оқу орындары міндетті түрде "Автомектеп" ақпараттық жүйесіне тіркелуі тиіс. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған ішкі істер министрі бұйрығының жобасында жазылған.

"Автомектеп" ақпараттық жүйесі оқу процесіне логикалық бақылау жасауға мүмкіндік береді және келесі заңсыздықтарды болдырмайды:

  • Бір оқу тобына отыздан астам адамның тіркелуі;
  • Жаңа адамдарды бұрын тіркелген топқа қосуды;
  • Курсты толық өтпеген жағдайда не теріс баға алған жағдайда адамдардың оқу курсын аяқтағаны жөнінде сертификат алуы.

Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді қашықтан және онлайн форматта даярлауды тоқтатуды жоспарлап отырғанын бұған дейін хабарлағанбыз.


Оқи отырыңыз: Жүргізуші куәлігін алу үшін медтексеру кезінде флюорографиядан өту енді міндетті емес


Жоспарлы жаңа өзгерістерге сәйкес, офлайн оқыту теориялық, практикалық сабақтардан құралады. Әрбір пән бойынша теориялық сабақтар күніне екі сағаттан, ал практикалық сабақтар алты сағаттан аспайтындай жоспарланады.

Сондай-ақ, оқушының орнына басқа адамның емтихан тапсыруына жол бермеу мақсатында биометриялық тексеру енгізілмек. Ал емтихан сыныбы металл детекторымен, байланыс сигналдарын басатын құрылғымен, сондай-ақ бақылау камераларымен жабдықталады.

Еске салайық, онлайн және қашықтан оқу форматы 2016 жылдан бастап енгізілген болатын. Алайда, бұл жүргізушілердің даярлық сапасына теріс әсер берді.

Құжатты жария талқылау мерзімі – 10 шілдеге дейін.