Көкшетау қаласы әкімдігінің қаулысы мен қалалық мәслихат шешімімен қоғамдық көлікпен тегін жүре алатын адамдардың тізіміне өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, кей санаттар алынып тасталса, олардың орнына жаңа санаттар қосылған. 

Мысалы, енді І топ мүгедектігі бар адамдар мен олардың заңды күтушілері қоғамдық көлікпен тегін жүре алады. Бұрын мұндай жеңілдік тек мүгедек балаларға немесе көру және есту қабілеті бойынша ғана І топ мүгедегі болып табылатын адамдарға жасалатын. Сондай-ақ, тізімнен Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтар сызылған. 


Оқи отырыңыз: 


Жаңа тізім бойынша Көкшетауда келесі санаттарға жататын азаматтар қоғамдық көлікпен тегін жүре алады

  • ҰОС ардагерлері;
  • ҰОС қайтыс болған мүгедегінің жұбайы, сондай-ақ екiншi рет некеге тұрмаған ҰОС қайтыс болған қатысушысының жұбайы;
  • ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
  • Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар;
  • төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар аналар;
  • I топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдарға және ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тағайындалған қамқоршылар және еріп жүретін адамдар;
  • көп балалы аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балалар;
  • 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, сондай-ақ бала күтімін жүзеге асыратын адамдар;
  • Көкшетау қаласының құрметті азаматтары;
  • басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
  • 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдар;
  • мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргіндер құрбандары, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендер;
  • I және II топтағы көру қабілеті бойынша мүгедекті бар адамдар, сондай-ақ сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдарға және ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тағайындалған қамқоршылар және еріп жүретін адамдар;
  • Социалистік Еңбек Ерлері және "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдар;
  • есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар.

Бұл азаматтарға Көкшетау қаласында тіркелген жері бар дербестендірілген жеңілдікті карталар ұсынылады.