Көкпар ардагері: Қазандық енгізілген көкпарға мүлдем қарсымын
Спортшы уақытпен шектелетін көкпар ойына қарсы пікір айтты.Көкпардан КСРО чемпионы Әлиәкбар Үсіпбеков "Жас қазақ" басылымына берген сұхбатында қазіргі көкпар ойынында болып жатқан олқылықтарды сөз етті. Оның айтуынша, қазандық енгізілген көкпардың түрі атқа да, көкпаршыларға да қиянат.
"Мен көкпардың қазіргі қазандық енгізілген түріне мүлдем қарсымын. Шабандоздар мен аттарға қарсы жасалған, бұдан өткен қиянат бола ма?! Қарап тұрсаң, сол қазандыққа соғылып, барлығы құлап жатады: ат та, адам да. Сол бізге керек пе? Сол бізге қызық па? Бұл аттың да адамның да соры. Жаңашылдықты да жөнімен енгізу керек қой. Ал шеңберді, командалық ойынды мен қолдаймын. Өйткені көкпар – спорт. Намысты қозғайтын, дәстүрді жаңғыртатын ұлттық спорт. Оның дамып, түрленіп отыруы заңды. Әрине, жақсы жағына қарай", – деді Әлиәкбар Үсіпбеков.
Оқи отырыңыз:
- "Балаларды атбегілікке баулимыз". Оралдық ұстаздар қалай ұлттық ат спортын дамытып отыр?
- Қазақстан көкпаршылары IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіске жетті
Ардагер, сондай-ақ қазіргі көкпардың уақыты ұзаққа созылмай, қысқа уақытпен шектелетінін де сынға алды.
"Бір сызықтың бойымен барып-келіп, салып жатады. Біреуі еңкейіп алса, қалғандары арғы мәрені іздеп кетіп бара жатады. Бұрынғыдай түтіні шығып жататын көкпар қазір кемде-кем. Неге екенін түсінбеймін?! Көкпар қызықты болып, өзінің текті қасиетін, әділдігін жоғалтып алмауы керек. Көкпар – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Оны бүлдіріп алмау – өз қолымызда", – деді Әлиәкбар Үсіпбеков.