Кино алаңынан туристік орталыққа дейін: Көшпенділер қамалына жаңа тыныс беріледі
Іле өзенінің жағасына таяй бере, кең даланың ортасынан кенеттен биік қабырғалар мен мұнаралар көзге шалынады. Бір қарағанда, ежелгі дәуірден жеткен тарихи мекендей әсер қалдырады. Алайда бұл – XVIII ғасырдың емес, XXI ғасырдың туындысы. Көпшілікке "Көшпенділер қамалы" деген атаумен танымал бұл қалашық 2005 жылы "Көшпенділер" фильмін түсіру үшін арнайы салынған.
Қалашыққа кірген сәтте уақыт кері айналғандай болады. Биік дуалдар, тар өткелдер, мұнаралар мен көне мешіт бейнесіндегі ғимарат бір кездері кино камералары тұрған сәттерді еске салады. Табиғи ландшафтпен етене үйлескен бұл орынның дәл осы жерде бой көтеруі тегін емес. Айналаны қоршаған кең дала мен Іле өзенінің жағалауы фильмге қажет тарихи атмосфераны толықтырып тұр.
Кино алаңының бүгінгі күйі
Арада 20 жылға жуық уақыт өтті. Қазір қалашықтың кейбір тұстарында тозығы жеткені байқалады. Алматы облысы туристік ақпараттық орталығының өкілі Фариза Сихымбаеваның айтуынша, қабырғалардың сыры кетіп, кейбір құрылыстардың жабдықтары жарамсыз күйге түскен. Жел мен жауынның ізі, күннің аптабы тарихи декорацияның өңін біртіндеп өзгерткен.
"Қазіргі таңда қалашықтың бірқатар құрылысы тозып, бастапқы келбетін жоғалтқан. Осыған байланысты кешенді күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар аймақтың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басталған. Қалашыққа апаратын 7 шақырым жол төселіп, электр желілері тартылып, автотұрақ салынды", – дейді Фариза Сихымбаева.
Жаңа тыныс, жаңа жоспар
Бүгінде Көшпенділер қалашығының болашағына қатысты нақты жоспарлар бар. Нысан Қонаев қаласының туристік аймағы ретінде дамытылады. Қалашық Іле өзенінің сол жағалауында орналасқан, аумағы 5,8 гектарды құрайды. Қалашыққа ай сайын шамамен 500 турист келеді.
Тозығы жеткен нысанды қалпына келтіру – күн тәртібіндегі басты мәселе. Осыған байланысты жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту да қолға алынған. Қалашыққа апаратын жол төселіп, электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілді.
Жазғы маусымдағы қызу өмір
Жаз айларында бұл аумақ қайта жанданады. Мұнда фильмдер мен тележобалар, жарнамалық роликтер мен бейнебаяндар түсіріледі. Ашық аспан астындағы алаң түрлі іс-шараларға таптырмас орын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеберлік сабақтары, мәдени кештер мен фотосессиялар жиі өткізіледі. Іле өзенінің бойында орналасуы бұл жерді демалыс пен туризм үшін одан әрі тартымды ете түседі. Табиғат пен тарихи стильдегі архитектураның үйлесуі келушілерге өзгеше әсер сыйлайды.