Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қаратау кенішіндегі уран өңдеу зауытын жаңғырту кезіндегі 862 миллион теңгенің ұрлануына қатысты тергеуді аяқтады.

Атап айтқанда, "Қаратау" ЖШС ("Қазатомөнеркәсіп" ҰАК» АҚ еншілес ұйымы) бұрынғы басшылығына, "Iri building" ЖШС мердігер ұйымының директорына және сәулет-техникалық қадағалау өкілдеріне қатысты тергеу жүргізілді.

Мердігер Түркістан облысы Созақ ауданындағы Қаратау кенішіндегі уран өңдеу зауытын жаңғырту жобасы аясында 2019-2021 жылдар аралығында құрылыс-монтаж жұмыстарына бөлінген қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді.

Антикордың айтуынша, ұрлық сәулет-техникалық қадағалау өкілдерінің араласуымен, сондай-ақ "Қаратау" ЖШС басшылығының салғырттығынан орын алған. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды. Қазір Iri building ЖШС-нің нақты иесі іздестірілуде.


Оқи отырыңыз: Шымкентте басқарма басшысы сейсмикалық қауіпсіздікке бөлінген 120 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді


Бұрынғы вице-министр Тимур Тоқтабаевқа қатысты жеке қылмыстық іс аясында Қостанай облысындағы никель (1,075 млн тонна) және кобальт (585,9 мың тонна) қоры бар бірегей Шевченков кен орны мемлекетке қайтарылды. Пайдалы қазбалардың қоры 5,6 триллион теңгеден асады.