Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарында білім гранттарының құны көтеріледі. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов парламенттік сауалға берген жауабында айтты.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ғылыми-зерттеу институттары ғалымдары мен оқытушыларының жалақысын көтеруді тапсырған болатын. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі барлық студенттерге (соның ішінде 2021 жылға дейін және одан кейін оқуға қабылданғандар) грант құнын қайта қарады.

Атап айтқанда, университеттегі грант құнын 1 001 000 теңгеден 1 218 300 теңгеге, ұлттық жоғары оқу орындарында 1 188 000 теңгеден 1 230 700 теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Жалпы, грант құнын көтеру үшін Денсаулық сақтау министрлігіне 2023-2026 жылдар аралығында 25,7 млрд теңге қажет. Бұл соманы бөлу қыркүйек айында өткен бюджеттік комиссия отырысында қолдау тапты.


Оқи отырыңыз: 2023 жылы Қазақстан университеттерінде білім алу ақысы қанша?


Білім грантының құнының артуы ЖОО-ның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға және кеңейтуге, профессорлар мен оқытушылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік беретіні, бұл өз кезегінде медициналық ЖОО оқытушыларының мәртебесін нығайта түсетіні атап өтілген.

Бұған дейін сенатор Ақмарал Әлназарова медициналық мамандықтар бойынша кадрларды даярлауға бөлінген мемлекеттік тапсырыс көлемі ЖОО-лардың оқу процесін ұйымдастыруға жұмсайтын шығындарына сәйкес келмейтіндіктен, медициналық жоғары оқу орындарындағы грант құнын көтеруді ұсынған болатын. Депутат қаржыландырудың жеткіліксіздігі мамандарды даярлау сапасына кері әсерін тигізіп, болашақ дәрігерлерге қиындық тудыруы мүмкін деп есептейді.


Оқи отырыңыз: Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты 300-ге жуық шағым түседі.