Тікелей эфир

Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты 300-ге жуық шағым түседі

Ажар Ғиният медициналық қызметкерлеріне қатысты қозғалған сот істерінің статистикасын бөлісті.

Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіптік міндетін тиісінше орындамағаны үшін Қылмыстық кодексінің 317-бабы бойынша 300-ге жуық іс ашылады. Бап "медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы" деп аталады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қылмыстық істер көбінесе хирургиялық бейіндегі өлім қаупі бар мамандарға, яғни акушер-гинеколог, хирург, травматолог, анестезиологтарға қатысты қозғалады.

Айта кетейік, елімізде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірленіп жатыр. Заң жобасы бойынша, Қылмыстық кодекстің 317-бабындағы санкциялық шараларды төмендету ұсынылып отыр.

Мысалы, денсаулыққа байқаусызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшерін және қамауға алу мерзімін азайту, денсаулығына ауыр зиян келген немесе пациент қайтыс болған жағдайда "бас бостандығынан айыру" жазасының мерзімін қайта қарай отырып, "бас бостандығын шектеуге" ауыстыру ұсынылған.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда емханаға тіркеу науқаны басталды. Тіркелу үшін не білу керек?


"Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың ұсынылып отырған моделі және кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жазаларды ізгілендіру бірінші кезекте азаматтардың құқықтарын қорғауға, медициналық қызметтерді алу кезінде денсаулығы мен өміріне келтірілген зиянды өтеуге, сондай-ақ медицина қызметкерлерін заңдық және қаржылық қорғауға, науқасқа көмек көрсету кезінде қызметі қоғамдық-пайдалы тәуекелмен байланысты саладағы жоғары білікті мамандардың кетуін азайтуға бағытталған", – деп түсіндірді министр.

Ажар Ғинияттың айтуынша, бұл өзгерістер әлем елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, енгізілген.

 

Серіктестер жаңалықтары