Ауылдарда жем-шөп таусылып, мұзға айналған далада Қамбар ата түлігі тебіндей алмай қиналуда. Ауылдағы ағайын дабыл қағып, биліктен көмек сұрады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жайылымды қалың қар басқандықтан, аман қалған бірнеше басты үйге жеткізу де оңайға соқпай тұр.

Павлодар облысының Ақтоғай, Ертіс, Железин аудандары мен Екібастұзға қарасты Ақкөл ауылында табындағы жылқы тебіндей алмай, әлсіреп, әр жерде құлап жатыр. Қырдағы ауылдарда да жағдай мәз емес. Көк мұзда тұяғы кетіп жатқан Қамбар ата түлігінде есеп жоқ. Ауылдағы ағайын амалдың жоқтығынан аман қалған малын қораға қамап жатыр. Жұрт енді шөп іздеуге көшкен. Күзде мал азығын таба алмай қиналған жұрт қыста тіптен қиын екенін айтады.

Елдімекен жұрты табынды қырып алмай, ауылға әкелу үшін бұрын-соңды қолданылмаған әдіс ойлап тауыпты. Жылқыны арнайы техниканың көмегімен көтеріп, тіркемеге артып жатыр. Жергілікті билік өкілдері тұрғындардың байбалам салуы негізсіз екенін айтуда. Олар жылқының жаппай қырылып жатқанын жоққа шығарды. Әр ауданда 2-3 бастың өлуі қалыпты жағдай екенін айтты. Жем-шөп те жеткілікті екенін алға тартады.

"Өңірде тұрақтандыру қоры бар. Қазір онда 5 мың тонна астық сақталған. Осындай жағдайда келісі 67-69 теңгеден сатылады. Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылы 30 тоннаға тапсырыс берді. Қалған аудандар жағдайдың тұрақты екенін айтады. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Арнайы штаб құрылды", – деді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсаринов.

Мәжіліс мінберінде осы мәселені депутат Нұржан Әшімбетов көтеріп, мал басын сақтап қалу үшін ауыл халқына көмек беру керектігін айтты. Жергілікті аумақта тез арада төтенше жағдай жариялауды ұсынды.

"Қалыптасқан жағдайға байланысты тез арада шаруашылықтардың жағдайы мен малдың барлық түрлері бойынша шынайы ақпаратты нақтылау керек. Екіншіден, қажет болған жағдайда жергілікті аумақ бойынша Төтенше жағдай жариялау", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов.


Оқи отырыңыз: "Бәріміз бір мал басына қарап отырмыз". Жамбыл облысында найзағай түсіп, бір үйір жылқы қырылып қалды


Сондай-ақ, депутат ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл-аймаққа мал азығын жеткізу мәселесін қарастырып, мұзды ойып, қарды аршу жұмыстарын ұйымдастыруы қажет екенін айтты. Синоптиктер алдағы күндері еліміздің солтүстік, солтүстік-батысы және орталығында ауа-райы 38 градусқа дейін суытып, қар аралас жаңбырдың соңы көктайғақ болады деп болжап отыр.