Қазақстандықтардың жеке дерегі арнайы сайтта қолжетімді болмақ
Платформада азаматтың жеке куәлігінен бастап, бұрынғы қызметінен кету себебі туралы мәліметтерге дейін жазылады.Қазақстандықтардың жеке дерегі арнайы сайтта қолжетімді болмақ. Алайда, ақпаратты кез келген адам ала алмайды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Еңбек министрлігі әзірлеген сайтта жұмысшының жеке куәлігі, білімі, медициналық анықтамалар мен еңбек өтілі туралы ақпараттар болады. Тіпті, вакцина алғаны немесе алмағаны туралы мәлімет те жазылады. Сонымен қатар, жұмыс беруші жаңа қызметкердің бұрынғы жұмысынан не себепті кеткенін және қанша компанияда қатар жұмыс істеп жүргенін біле алады. Алайда, бұл деректің барлығы азаматтың келісімімен ғана көрінеді. Яғни, бір компания қызметкер іздесе, осы сайтқа кіріп, нақты бір тұлға туралы ақпарат алуға өтінім береді. Кейін азаматқа жеке деректерін сұратып жатқаны туралы хабарлама келеді.
Аталған жаңашылдыққа қатысты халықтың пікірі екіге бөлінді. Бір топ "басқа адамдар пайдаланып кетуі мүмкін" екенін алға тартса, екінші топ "уайымдайтын ештеңе жоқ екенін" айтады.
Оқи отырыңыз: "Айына 110 мың теңге". Жұмыссыз азаматтар мемлекеттен қалай ақша ала алады?
Орталықтандырылған платформаға жұмыс беруші әр қызметкермен жасалған еңбек шартын жүктейді. Осылайша компаниялар мен кәсіпорындардың мыңдаған жұмысшысының ісі тіркеледі.
Сайт мамандары азаматтардың деректері қауіпсіз екеніне сендіреді. Айтуынша, қызметкер туралы ақпаратты кез келген адам сұрата алмайды.
"Еңбек шарттарын тіркеу бірыңғай жүйесі басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған. Солардан жеке адам бойынша ақпарат сұратылған кезде бүкіл басқа ақпараттық жүйелерден ақпарат жинақталады", – деп түсіндірді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бас сарапшысы Ерболат Исламов.
Қызметкердің жеке ісін сұрату функциясы бір күн бұрын ғана қосылды. Қазірдің өзінде бірнеше жұмыс беруші қызметкерлердің деректерін алдыртуға өтінім беріп үлгерген. Бастамашылардың сөзінше, мұндай жаңашылдық жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге де ыңғайлы.
Оқи отырыңыз: Еңбекақы калькуляторы. Мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерінің айлығы қанша?