Қазақстанда қарашада жалға берілетін пәтер ақысы арзандады
Ал пәтерді сату бағасы 1-1,2%-ға өскен.2022 жылдың қазан айымен салыстырғанда қарашада қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы 1%-ға, жаңа тұрғын үйді сату 1,2%-ға өсті. Алдыңғы аймен салыстырғанда қарашада тұрғын үйді жалдау ақысы 2,4%-ға төмендеді, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
2022 жылғы қарашадағы 1 шаршы метр тұрғын үй бағасы:
- жаңа баспана – 435 861 теңге;
- қолданыстағы пәтерлер нарығы – 489 704 теңге;
- тұрғын үйді жалға алу – 4 754 теңге.
Бір жылда (2022 жылғы қараша 2021 жылғы қарашаға) пәтерлерді қайта сату бағалары – 26,9%, жаңа тұрғын үйлерді сату 17,3% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда биылғы қарашада 48,6% артты. Өңірлер бөлінісінде жылдық мәнде жаңа үйлер бағасы Ақтөбе – 30,3%, Семей – 26,9%, Ақтау – 25% қалаларында қымбаттады.
Қолданыстағы пәтер нарығы саудасындағы баға өсімі бойынша тізімді – Талдықорған (44,6%), Ақтау (43,3%), Семей (42,8%), Ақтөбе (42,4%), Астана (41,7%), Қызылорда қалалары бастап тұр (41,2%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығындағы жоғары қымбаттау Алматы (76,6%), Қарағанды (55,7%), Қостанай қалаларында (54,5%) байқалды.