Қазақстан халық партиясы 18 жасқа дейінгі балаларға әмбебап жәрдемақы тағайындауды ұсынды
Ұсыныс бойынша, жәрдемақы ай сайын төленуі қажет.Қазақстан халық партиясының Мәжілістегі өкілдері ана мен баланы қорғауды ұлттық басымдық ретінде белгілеуді ұсынды.
Депутаттардың айтуынша, Қазақстанға қазіргі таңда адам капиталына, оның ішінде балаларды дамытуға инвестиция салудың жаңа моделі қажет. Жаңа бағдарлама орта есеппен 20 жыл мерзімге жасалуы тиіс. Оның аясында балалар 18 жасқа толғанға дейін оларға ай сайын төленетін әмбебап жәрдемақы енгізілуі тиіс. Ол екі бағытқа – сапалы білім алуға (мектепке дейінгі, орта және жоғары білім) және денсаулығын қорғауға бағытталуы тиіс.
"Бұл бағытта "Аналар мен балаларды дамытуға арналған инвестиция" ұлттық бағдарламасын қабылдау қажет. Оның пайдасын елдің барлық аналары мен балалары ешқандай санатқа жіктелместен көруі тиіс" делінген ҚХП депутаттарының сауалында.
Оқи отырыңыз: "1200 бала ғана": Мәжіліс депутаты Kids go free бағдарламасын сынға алды
Осы орайда мәжілісмендер ұлттық бағдарлама аясында қарастырылуы қажет бірқатар жекелеген ұсыныстарын да айтты. Атап айтқанда;
- Балалар 3 жасқа толғанша дейін оларға күтім жәрдемақысы төленуі тиіс;
- Балаларға арналған тұтынушы себеті әзірленуі қажет және ол баланың физиологиялық, әлеуметтік, мәдени және өзге де қажеттіліктеріне сай келуі шарт;
- ArtSport балаларға арналған спорт секцияларын қаржыландыру бағдарламасын жетілдіру керек.