Қазақстан агроөнімнің болжамды экспортын 3,3 млрд долларға азайтпақ
Бастапқы жоспар бойынша 2030 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан 9,9 млрд доллар табыс табуы керек болған.Ауыл шаруашылығы министрі Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына бірқатар түзету енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, түзетулердің бір бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін жылдан жылға арттыру бойынша жоспарға қатысты.
Егер мемлекет 2030 жылға дейін экспорт көлемін 2020 жылмен салыстырғанда 3 есе арттыруды көздесе, енді бұл болжамның орындалмайтынына көз жеткен. Соған орай, ендігі жоспарды қысқартып, 2 есе өсімге қанағат тұту көзделген.
Сәйкесінше, 2030 жылы экспорт көлемін бұрынғыша 9,9 млрд емес, 6,6 млрд долларға жеткізу межесі белгіленбек.
Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы министрі: Базардағы ет бағасына мен жауап бермеймін
Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі пандемия жағдайында экономикалық өсім қарқыны бәсеңдегенін алға тартады.
"Шекаралардың жабылуына байланысты елдер арасындағы сыртқы сауда қатынастары төмендеді және бүгінгі күнге дейін пандемиялық кезеңге дейін сауда қатынастары қашан орнатылатыны белгісіз. Сондай-ақ, 2021 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығы өнімінің НКИ-ін 2,4%-ға төмендетті, бұл экспорттық позициялардың өсуіне де кері әсерін тигізді. Осыған байланысты осы көрсеткіштерді АӨК өнімінің экспортын 2 есеге ұлғайту үшін өзгерту ұсынылады" делінген министрліктің түсіндірме жазбасында.