Қарағандыда көмірге талас басталды. Кінәлі кім?
Облыста Шұбаркөл көмірінің тоннасының бағасы 13 500 теңге болса, екінші сортты ұсақ көмір бағасы 11 500 теңге.Қарағанды облысында тұрғындар көмірге әлі қол жеткізе алмай жүр. Соңғы күндері тіпті көмір сататын орындарда кезек күткен адам қарасы көбейген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тұрғындардың айтуынша, мұнда күніне жүздеген жүк көлігі келсе, оның тек жиырмадан астамы ғана көмір алып үлгереді. Қазір облыста Шұбаркөл көмірінің тоннасы 13 500 теңге тұрса, екінші сортты ұсақ көмір 11 500 теңгеден саудаланып жатыр.
Облыс әкімдігінің мамандары тұрғындарды қысқа қамдануға жаз бойы шақырғанымен, халықтың тек күн суытқан кезде ғана көмір іздей бастайтынын алға тартады.
"Облыс қоймаларында шамамен 35 мың тонна көмір бар. Көмір қоры тағы толықтырылады. Температураның төмендеуіне байланысты халық көмірді белсенді түрде сатып ала бастады. Дегенмен біз тұрғындарға көмірді жазғы кезеңнен бастап алу қажеттігін ескертіп келеміз. Бүгінгі таңда көмірді жөнелту штаттық режимде жүргізіліп жатыр", – деді Қарағанды облысы Өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Ақдидар Рымбек.
Оқи отырыңыз:
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, Шұбаркөл көмірінің бастапқы бағасы – 5 500 теңге болса, Майкөбе – 6 105, Қаражыра – 8 300 теңге болып белгіленген. Бірақ, әр аймаққа жеткізуіне қарай жол шығыны қосылады.