Қайыңды көліне баратын тау жолындағы жол апаты: 34 адам зардап шекті
Жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды.Қайыңды көліне баратын таулы жолдағы жол апатынан зардап шеккендер саны артты. 20 әйел мен 14 ер адам зардап шекті. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
"5 қазанда Кеген ауданы Саты а/о аумағындағы «Қайыңды-Саты» таулы автожолы бойында 9 шақырым қашықтықта, 47 жастағы автобус жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалысқа шығып, 1997 жылы туған азамат басқарып келе жатқан "УАЗ" автокөлігімен бетпе-бет соқтығысты. Бұл факт ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Кеген ауданының ПБ-да тіркелді", – деп жазылған хабарламада.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 36 жастағы жолаушы оқиға орнында дене жарақатынан қайтыс болды. Барлық зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсетілді. Зардап шеккендер саны – 20 әйел мен 14 ер адам.
Оқиға орнына 13 жедел жәрдем бригадасы және 1 ТМҚК бригадасы (28 қызметкер және 14 санитарлық автокөлік бірлігі) жіберілген.
Оқи отырыңыз: 10 жол-көлік оқиғасының 9-ында жүргізушілер кінәлі. Зиян шеккендер саны 11% өсті.
Кеген аудандық ауруханасында – 1, Шелек ауылының аудандық ауруханасына – 2, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына – 9 науқас ем қабылдауда. Жағдайлары орташа ауырлықта.
Автобус жүргізушісі Кеген ауданы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істі тергеу барысын облыстық полиция бастығы бақылауға алды.