Қайыңды көліне баратын таулы жолдағы жол апатынан зардап шеккендер саны артты. 20 әйел мен 14 ер адам зардап шекті. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
"5 қазанда Кеген ауданы Саты а/о аумағындағы «Қайыңды-Саты» таулы автожолы бойында 9 шақырым қашықтықта, 47 жастағы автобус жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалысқа шығып, 1997 жылы туған азамат басқарып келе жатқан "УАЗ" автокөлігімен бетпе-бет соқтығысты. Бұл факт ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Кеген ауданының ПБ-да тіркелді", – деп жазылған хабарламада.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 36 жастағы жолаушы оқиға орнында дене жарақатынан қайтыс болды. Барлық зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсетілді. Зардап шеккендер саны – 20 әйел мен 14 ер адам.
Оқиға орнына 13 жедел жәрдем бригадасы және 1 ТМҚК бригадасы (28 қызметкер және 14 санитарлық автокөлік бірлігі) жіберілген.
Оқи отырыңыз: 10 жол-көлік оқиғасының 9-ында жүргізушілер кінәлі. Зиян шеккендер саны 11% өсті.
Кеген аудандық ауруханасында – 1, Шелек ауылының аудандық ауруханасына – 2, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына – 9 науқас ем қабылдауда. Жағдайлары орташа ауырлықта.
Автобус жүргізушісі Кеген ауданы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істі тергеу барысын облыстық полиция бастығы бақылауға алды.