Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев елдің халықаралық жанжалдар бойынша келіссөз алаңы ретіндегі мүмкіндіктерін жариялады.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Иран мен араб елдері арасындағы диалогты ұйымдастыруға дайын.

"Қазақстан бұған дейін күрделі халықаралық келіссөздерге алаң ұсынған. Мысалы, Алматыда Иран мәселесіне қатысты маңызды келіссөздер өткен, сондай-ақ Сирия бойынша елімізде сириялық билік пен оппозициялық топтар арасында 20-дан астам келіссөз раунды ұйымдастырылған. Бұл дипломатиялық іс-шаралар әскери қақтығысты тоқтатуға және тараптарды келіссөз үстеліне отырғызуға септігін тигізген", – деді Әлібек Бақаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министр орынбасары Қазақстанның бейтарап келіссөз алаңы ретіндегі беделі бар екенін атап өтті. Ол ресми өтініш түскен жағдайда оны мұқият қарастыратынын айтты, алайда қазіргі уақытта мұндай өтініштердің түспегенін жеткізді.