Алматыдағы Smart Beauty пластикалық хирургия клиникасында ота жасату кезінде көз жұмған кәсіпкер және блогер Сәуле Ермаханованың туыстары сұхбат беріп, журналистерге өз ойларын айтты. 

Еске салайық, Сәуле Ермаханова 15 мамыр күні ота кезінде қайтыс болған. Марқұмның денесі жер қойнына тапсырылғаннан кейін бұл жайлы оның келіні Альдия Үсенбекова әлеуметтік желіде хабарлады. Қазір қылмыстық іс қозғалып, зерттеу, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Альдия Үсенбекованың сөзінше, Сәуле Ермаханова үнемі белсенді өмір кешіп, әрдайым көңілді жүретін. 

"Қазір тергеу жүріп жатқандықтан, көп жайтты айта алмаймын. Бірақ, анамыздың демі нақты қай уақытта үзілгені бізге де беймәлім. Өйткені, ота бір-бір жарым сағатқа ғана созылуы керек болған. Ал клиника дәрігерлері тек бес сағаттан соң ғана жедел жәрдем шақырған. Оған дейін де, кейін де олар ештеңе айтпады. Анамызбен еріп барған туысымыз отаның созылып кетуіне байланысты сұрақтар қойғанымен, еш жауап ала алмаған", – деді ол. 

Қазір қылмыстық іс бойынша Сәуле Ермаханованың үлкен ұлы Өмірсерік жәбірленуші ретінде танылған. Өмірсеріктен бөлек, марқұмның артында кіші ұлы және немерелері қалған. 

Сәуле Ермаханованың ағасы Болат Ермаханов та көп жайттың тергеу аясында жария етілмейтінін айта келе, мәйітхана дәрігерлерімен сөйлескенін айтты. Дәрігерлер марқұмның денесінде оған алғашқы көмек көрсетпек болған әрекеттің іздері барын хабарлаған. 

"Соған қарағанда, жедел жәрдем келмес бұрын, клиниканың дәрігерлері оны аман алып қалуға әрекет еткен болуы керек. Сәуленің жүрегі күрт тоқтап қалған деген де пікірлер айтылды. Бірақ, ол ешқашан жүрегінің ауыратынын туралы айтқан емес. Оған қоса, біздің тұқымда мұндай ауру да жоқ", – деді марқұмның ағасы.

Еске салайық, клиника әлеуметтік желі арқылы марқұмның туыстарына көңіл айтып, тергеуге байланысты бұл іс жайлы ешқандай пікір бере алмайтындарын жариялады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі өз кезегінде жеке клиникаға жан-жақты тексеру жүргізіп, косметологиялық қызметтер көрсететін өзге де мекемелерге мониторинг жүргізетінін хабарлады.