Poster ТМД мейрамханалары мен дәмханаларын автоматтандырудың алғашқы бұлтты жүйесі 2024 жыл қорытындысы бойынша қазақстандықтардың қандай кофе түрін ұнататынын анықтады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, көш басында латте мен капучино тұр. Үшінші орында – американо. Poster жазуынша, 2023 жылы да кофенің осы түрлері алғашқы үштікке енген, дегенмен, капучино бірінші орында болыпты. 

Инфографика: Poster

Ал 2024 жылы Қазақстан тұрғындарының бүйрегі латтеге көбірек бұрған. Соған қарамастан, бір жылда латте кофесі 13,3 пайызға қымбаттады. Оның орташа бағасы – 1190 теңге.

Қазақстандықтар арасында танымалдығы төмен болғанымен, эспрессо кофесінің де 16 пайызға қымбаттағанын көруге болады. Оған қоса, эспрессо ішетіндердің үлесі де 10 пайызға артқан. 

"Қазақстанда кофе тұтыну көлемі жыл сайын өсіп келеді. Кофе бүгінде жай ғана сусын емес, жастардың күнделікті өміріндегі мәдениетке айналған. Зерттеу көрсеткендей, қазақстандықтар бұрынғыша латте мен капучиноны көбірек таңдайды. Дегенмен, кофенің басқа түрлеріне деген қызығушылықтың жайлап артып келе жатқанын байқаймыз", – деді Poster мейрамханалар мен дәмханаларды автоматтандырудың бұлтты жүйесінің негізін қалаушы әрі басшысы Родион Ерошек. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда шай мен кофе қымбаттады