Италия премьер-министрі жұмыс сапарымен Қазақстанға келмейді
Джорджа Мелони Хиросимада өтіп жатқан G7 саммитіне соңына дейін қатыспай, еліне қайтты.Италия премьер-министрі Джорджа Мелони елдегі су тасқынынан кейін Астанаға жұмыс сапарымен келмейтін болды, деп хабарлады Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.
Эмилия-Романья аймағында болған жойқын су тасқыны салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони табиғат апатынан зардап шеккен өңірлерге бару үшін Хиросимада өтіп жатқан G7 саммитіне соңына дейін қатыспай, еліне қайтып барады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Мәскеуде өтетін кезекті отырысына қатысады
Келіп түскен мәлімет бойынша, Италияның солтүстігінде кем дегенде 40-тан астам елдімекен су астында қалып, 20 мыңнан астам адам баспанасынан айырылды.
Осы себепке байланысты Италия Үкіметі басшысының Астанаға алдын жоспарланған жұмыс сапары болмайды. Италия тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелонидің телефон арқылы сөйлесуін ұйымдастыруды сұрады.