Ішкі істер министрі депутаттың пранкшыларды жазалау ұсынысына жауап берді
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың сауалына орай, әлеуметтік желідегі әдепсіздік пен пранкшылардың әрекетіне қатысты жауап берді.
"Жалған куәліктерді, кісендерді және басқа да арнаулы құралдарды қолдана отырып, құқық қорғау органдарының нысанына жасырынған адамдардың қатысуымен сахналау ("пранктер") жағдайлары бұзақылық, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын билік өкілі немесе лауазымды адам атағын өз бетінше беру не өзге де әкімшілік немесе қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде саралануы мүмкін. Әрбір осындай оқиға бойынша тексерулер жүзеге асырылады, заңнамада белгіленген шаралар қабылданады", – деп жауап берді ішкі істер министрі.
Ержан Сәденов депутаттық сауалда айтылған деректер егжей-тегжей зерделенітінін, тиісті ақпарат бейінді мемлекеттік органдарға берілгенін және айтылған ұсыныстар ескерілетінін айтты.
Оқи отырыңыз: "Жасақ киімін киіп, елдің есін алады". Депутат пранкшыларды жазалауды ұсынды
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына сауал жолдап, қоғамдық қауіпсіздік мәселесін көтерді. Оның айтуынша, соңғы уақытта адамды пышақтап кету құбылысы жиілеген. Олардың шыны бар, өтірігі бар – әлеуметтік желі видеоға толып тұр.
"Желідегі жұрт "айналадағы адамдар неге дереу араша түспеді" деген сауал қойыпты. Мұның жауабы алуан, бірақ бір мәселе бар. Ол қазір пранк аталып кеткен құбылыс. Интернетті ашып қалсаң, парақшаны басып қалсаң алдымен пышақтасып, артынша құшақтасып жүргендерді көресің. Жұрттың көзінше жанжалдасып, төбелес шығарып, дереу қалталарынан пышақ алып шығып оны бір-біріне сұғып құлап елдің есін алатындар бар. Санаулы минуттан соң "бұл пранк" деп түк болмағандай қарқ-қарқ күледі", – деді Мақсат Толықбай.