"Жасақ киімін киіп, елдің есін алады". Депутат пранкшыларды жазалауды ұсынды

Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
Бұл Ішкі істер министрлігінің абыройына да нұқсан келтіріп отыр, деді ол.

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына сауал жолдап, қоғамдық қауіпсіздік мәселесін көтерді. Оның айтуынша, соңғы уақытта адамды пышақтап кету құбылысы жиілеген. Олардың шыны бар, өтірігі бар – әлеуметтік желі видеоға толып тұр. 

"Желідегі жұрт "айналадағы адамдар неге дереу араша түспеді" деген сауал қойыпты. Мұның жауабы алуан, бірақ бір мәселе бар. Ол қазір пранк аталып кеткен құбылыс. Интернетті ашып қалсаң, парақшаны басып қалсаң алдымен пышақтасып, артынша құшақтасып жүргендерді көресің. Жұрттың көзінше жанжалдасып, төбелес шығарып, дереу қалталарынан пышақ алып шығып оны бір-біріне сұғып құлап елдің есін алатындар бар. Санаулы минуттан соң "бұл пранк" деп түк болмағандай қарқ-қарқ күледі", – деді Мақсат Толықбай. 


Оқи отырыңыз: TikTok-тың тренд трюктерін қайталау неге қауіпті?


Депутаттың сөзінше, бұл құбылыстың қалыпты жағдайға айналғаны соншалық, адамдар оның шын әлде пранк екенін айыра алмай, бей-жай қарайтын күнге жеткен. Соған орай, Мақсат Толықбай ойыннан от шығары жүргендерді жауапқа тартуды ұсынды. 

"Екінші мәселе арнайы жасақтың киімін киіп алып той-туған күндерге кіріп барып елдің есін алатындарға қатысты. Желіден жұрт жаппай көріп жүр. Арнайы жасақтың киімін киіп, қолына қару алғандар азаматтарды құрықтап, қолдарына кісен салып, өтірік қызметтік құжат көрсетіп, оны далаға алып кетіп әбден қорқытады. Соңында бәрі баяғы пранк деп шығады. Арнайы қызметтің операциясын қалжыңға айналдыру, солардың киімін кию, адамды бас бостандығынан айыру бұл қандай ойын?", – деді депутат. 

Осы орада, ол Ішкі істер министрлігін аталған контенттің авторларын тауып, қатаң ескерту жасап, қолдарындағы қаруларын тәркілеу қажеттігін айтты. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары