Иран ғалымдары құс қауырcынынан ақуызды жем әзірлейтін әдісті тапты
Иран ғалымдары құс қауырсынын өңдеп, оны жоғары тағамдық құндылығы бар ақуызды жемдік ұнға айналдыратын биотехнологиялық әдіс жасап шығарды, деп хабарлады ирандық IRNA агенттігі.
Бұл технология құс шаруашылығында жиналатын ірі көлемдегі қалдықтарды ауыл шаруашылығы үшін құнды өнімге айналдыруға мүмкіндік береді. Қауырсын құстың жалпы салмағының шамамен 5 пайызын құрайды және саланың негізгі қалдық көздерінің бірі саналады. Саланы индустрияландыру нәтижесінде мұндай қалдықтардың көлемі артқандықтан, тиімді әрі экономикалық тұрғыдан пайдалы өңдеу жолын табу өзекті мәселеге айналды.
"Қауырсынның негізгі бөлігі берік құрылымды кератин ақуызынан тұратындықтан, оны ыдырату қиын. Соған қарамастан, ирандық ғалымдар гендік инженерия әдістерін қолданып, жергілікті бактерия штаммынан кератинді ыдырататын фермент – кератиназа генін бөліп алып, оны зертханалық микроорганизмге енгізді. Бұл ферменттің қасиеттерін жан-жақты зерттеп, оның өндірісін тиімді жолға қоюға мүмкіндік берді", – деп жазды басылым.
Зерттеу нәтижесінде алынған микроорганизмдер екі бағытта:
- кератиназаны тікелей өнеркәсіптік өндіру;
- құс сою орындарынан шыққан қауырсын қалдықтарын биологиялық жолмен өңдеу үшін қолданылуы мүмкін.
Ғалымдардың жазуынша, Иранда мал және құс шаруашылығы экономиканың маңызды секторларының бірі болғандықтан, қалдықтарды қайта өңдеп, олардан қосымша құнды өнім алу стратегиялық маңызға ие мәселе.