Қазақстандық кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың отбасы IQanat мектебін IQanat Endowment Fund қорына берді, деп хабарлады жобаның баспасөз қызметі. Активтердің жалпы құны 20 млн доллардан астам. Сондай-ақ биыл тағы бір кәсіпкер Тимур Турловтың компаниясы салып берген, 6 млн долларға бағаланған оқу корпусы да эндаумент қордың меншігіне өтті. 

Баспасөз қызметінің түсіндіруінше, эндаументтердің басты ерекшелігі – олар қоғамның мүддесіне жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар. Ұйым табысы қордың негізін қалағандардың арасында бөлінбейді. Одан бөлек, эндаументтің қайырымдылық көмектерден құралатын мақсатты капиталын ешкім жұмсай алмайды. Ұйымдар тек осы капиталды басқарудан түскен табысты пайдаланады.  

Фото: IQanat баспасөз қызметі

"IQanat Endowment Fund табысы Қазақстан ауылдарындағы сапалы білім алуға мүмкіндігі жоқ балаларға гранттар мен шәкіртақылар беруге жұмсалады. Эндаумент мектептің ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жүздеген баланың жарқын болашаққа жолын ашу арқылы әлеуметтік әділеттіліктің негізін қалайды", – делінген ресми хабарламада. 

Кәсіпкер Айдын Рахымбаев алдағы 10 жыл ішінде қорға тағы 30 млн доллар қаржы бөлетінін хабарлады. Бұл арқылы ол мектептің сыйымдылығын 500-ден 1000 балаға дейін арттырмақ. 


Оқи отырыңыз: Казахстанский миллиардер отказался от прав собственности на школу в Боровом