IATA 2025 жылғы жаһандық авиация нәтижелерін жариялады
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы 2025 жылға арналған жаһандық авиация саласының қорытындысын ұсынып, жолаушылар және жүк әуе тасымалдарында тұрақты өсім сақталғанын мәлімдеді.
IATA деректеріне сәйкес, 2025 жылы жолаушылар әуе тасымалына деген жалпы сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға артқан. Осы кезеңде өткізу сыйымдылығы 5,2 пайызға ұлғайып, орташа жылдық жүктеме коэффициенті 83,6 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш әуе тасымалдары тарихындағы ең жоғары деңгей ретінде тіркелді. Халықаралық жолаушылар тасымалы неғұрлым қарқынды өсіп, сұраныс 7,1 пайызға, ал сыйымдылық 6,8 пайызға артты. Халықаралық бағыттардағы жүктеме коэффициенті де 83,5 пайызды құрап, рекордтық нәтижеге жетті. Ішкі тасымалдардағы өсім салыстырмалы түрде баяу болып, 2,4 пайызды құрады, ал жүктеме коэффициенті 83,7 пайыз деңгейінде қалыптасты.
Өңірлер арасында жолаушылар тасымалының ең жоғары өсімі мен жүктеме деңгейі Азия – Тынық мұхиты аймағында байқалды. Солтүстік Америкада өсім қарқыны ең әлсіз болғаны атап өтілсе, Латын Америкасында жүктеме коэффициентінің айқын төмендеуі тіркелді.
"2025 жылы жолаушылар сұранысының өсуі авиация саласының тарихи тұрғыдан қалыпты әрі орнықты даму қарқынына қайта оралғанын көрсетті. Сонымен қатар рекордтық жүктеме деңгейлері өткізу сыйымдылығы тапшылығының бүгінгі таңда сала үшін негізгі сын-қатер болып отырғанын айқын аңғартады", – деді IATA бас директоры Уилли Уолш.
Жүк әуе тасымалы саласында да оң динамика сақталды. 2025 жылы жаһандық жүк тасымалына деген сұраныс 3,4 пайызға өсіп, өткізу сыйымдылығы 3,7 пайызға артты. Халықаралық жүк тасымалдары 4,2 пайыздық өсім көрсетті. Сонымен қатар жүк тасымалдарының табыстылығы жылдық есепте 1,5 пайызға төмендегенімен, бұл соңғы үш жылдағы ең аз төмендеу болып отыр. Табыстылық деңгейі әлі де 2019 жылмен салыстырғанда 37,2 пайызға жоғары күйінде қалды.
Жүк тасымалы бойынша ең жоғары өсім Азия – Тынық мұхиты өңірінде тіркеліп, сұраныс 8,4 пайызға артты. 2025 жылы жүк ағындарының Азия – Солтүстік Америка бағытынан Азия – Еуропа бағытына қарай ауысуы байқалды. Сонымен қатар Азия ішіндегі және Таяу Шығыс – Азия бағыттарындағы тасымалдарда да тұрақты өсім сақталды.
Уилли Уолштың айтуынша, 2025 жылы жүк әуе тасымалдары жаһандық жеткізу тізбектерін қолдаудағы шешуші рөлін тағы да дәлелдеді. Сауда және геосаяси белгісіздік жағдайында да авиация саласы өзгеріп жатқан сұраныс ағындарына жедел бейімделе алған.