Компанияның хабарлауынша, Яндекс Go қосымшасында таксиге тапсырыс бермей тұрып, ұсынылған жол жүру бағасының неден құралатынын көруге мүмкіндік пайда болды.

Скриншот: Yandex Qazaqstan

Тариф пен маршрутты таңдағаннан кейін экранның сол жақ жоғарғы бұрышындағы теңге белгісін бассаңыз, көлік жіберу бағасы, минуттар мен километрлердің жалпы құны, жоғары сұранысқа байланысты қосымша ақы, қосымша қызметтердің бағалары туралы мәліметтер көрсетіледі.

"Бұл функцияны монополияға қарсы комплаенс аясында әзірлеуді өз мойнымызға алдық", – делінген хабарламада.

Бұған дейін "Яндекс Такси" компаниясының баға белгілеуіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қызығушылық танытып, аудит жүргізген еді. Осыдан кейін компания қосымшада жол жүру құнының егжей-тегжейін 30 маусымнан кешіктірмей қосуға уәде берген болатын.