Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналист, Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Қазақстанда ғылымды қаржыландыру және коммерцияландыру мәселесі туралы сұрақтарға жауап берді.

Саясат Нұрбектің айтуынша, Ғылым қорынан берілетін бір грант сомасы 300 миллион теңгеге тең. Алайда қазір оны ақырындап 500 миллион теңгеге дейін арттыру жұмыстары жүріп жатыр.

"Осыдан бес жыл бұрын 300 млн теңге қомақты қаражат болатын. Алайда инфляция, доллар курсының өсуі, жабдықтар бағасының көтерілуі және өзге де себептерге байланысты біз грант сомасын 500 миллион теңгеге дейін өсіруді жоспарлап отырмыз", – деді ғылым министрі.


Оқи отырыңыз: "Бакалавриат қайтарылады". "Болашақ" бағдарламасындағы үш өзгерісті ғылым министрі атады


Оның түсіндіруінше, бұл грант түрі ғылыми ізденіс не жетістікті нарыққа шығару, яғни коммерцияландыру мақсатында беріледі. Әдетте, мұндай грант жеке компания, ғылыми-зерттеу институты не бірнеше ғалымнан құралған ұжымдарға беріледі. Соңғы уақытта берілген гранттардың 50 пайыздан астамын жеке компаниялар құраған.

"Айталық, бір ғалым не ғалымдар тобы жаңалық ашты делік. Енді ол жаңалықты нарықта сатылатын өнімге айналдыру керек. Міне, бұл үшін ғылым қоры көмек береді. Олар өз жаңалығын арнайы құрылған комиссияға таныстырады. Комиссия бұл ғылыми стартапты қарастырып, қаржыландыру мәселесін шешеді. Ақшалай көмектен бөлек, қажет жағдайда оларды оқытамыз. Өкінішке қарай, ғалымдардың көбі нарық тілін білмейді. Маркетинг, тауарды саты, команда құрастыру, дистрибьюторлармен жұмыс жасау – мұның бәрін үйретеміз", – деді министр.


Оқи отырыңыз: Жезқазғанда Ұлытау техникалық университеті құрылады


Грант салық, ашылған жұмыс орындары және шетелге экспорт есебінен қайтарылады. Саясат Нұрбектің айтуынша, 2017-2019 жылдар Ғылым қорынан 5 миллиард теңге сомасында грант берілсе, кейінгі үш жылда олардың қайтарымы 55 млрд теңге шамасында болған.