Ғылым министрі: Түркі әлеміне ортақ әліпби – саяси шешім емес
Бұл құжатқа Халықаралық Түркі академиясының басшысы Шаин Мұстафаев қол қойған.Түркі әлеміне ортақ әліпби комиссиясының 34 әріптен тұратын әліпби үлгісіне қатысты ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірді, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.
"Түркі мемлекеттерінің отырыстарында ғылыми қауымдастықтарға, ғалымдарға ортақ әліпби үлгісін қарастыруға қатысты бірнеше тапсырма берілген. Сондықтан бірнеше кездесу болды. Халықаралық Түркі академиясының негізінде бірнеше талқылау қорытындысынан кейін академия басшысы Шаин Мұстафаев мырза осындай құжатқа қол қойған. Тағы да айтамын, бұл Үкімет деңгейіндегі немесе саяси құжат емес. Тек ғылыми қауымдастық тарапынан талқыланып жатқан құжат", – деді Саясат Нұрбек.
Еске салайық, өткен аптада Түркі мемлекеттері ұйымының жанынан құрылған Түркі әлеміне ортақ әліпби комиссиясы 34 әріптен тұратын әліпби нұсқасын мақұлдады.
Оқи отырыңыз: Түркі елдеріне ортақ әліпби қабылданды. Ол 34 әріптен тұрады
Мұндай шешім Түркі академиясы мен Түрік тілі институты бірлесіп өткізген Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының 3-ші отырысында қабылданған.
Комиссияның мәлімдеуінше, отырыста 34 әріптен тұратын ортақ түрік әліпбиі туралы ұсыныс бойынша келісімге қол жеткізілген. Әліпби жасауда 1991 жылы әзірленген әліпби нұсқасын қарап, қажетті өзгерістер енгізілген.