Түркияның Конья провинциясына қарасты Бейшехир ауданында сарышаянның жаңа түрі табылды, деп хабарлады Anadolu ақпарат агенттігі. 

Желал Баяр атындағы университеттің оқытушысы, профессор Эрсен Айдын Яғмурдың айтуынша, сарышаянның жаңа түрін ол Хаджиакиф аралында дала жұмыстарын жүргізу кезінде тапқан. Зерттеу барысында оның бұған дейін сипатталған сарышаяндар тізімінде жоқ екенін және оның Euscorpius тобына жататынын анықтаған. 

Euscorpius gulhanimae. Фото: Anadolu

Ғалымның сөзінше, ашық сары, қызыл және қоңырқай реңді сарышаян ұзын түктерімен де өзге сарышаяндардан ерекшеленеді. Осылайша, Түркиядағы сарышаян түрлерінің саны 49-ға жетсе, оның ішінде Euscorpius тобына жататындары 17 болды.

"Бұл жаңалықты әлемге АҚШ-та шығатын Euscorpius ғылыми журналы арқылы хабарладық. Мен бұл сарышаянды жұбайым Гүлханым Яғмурдың құрметіне орай Euscorpius gulhanimae деп атадым. Бұл сарышаянның уы адам денсаулығына қауіп төндірмейді", – деді профессор Эрсен Айдын Яғмур. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанға табиғи тән жәндіктер азайып бара жатыр