Ғарыш кемесінің қалдығы Ұлытауға тағы құлады
Кеме бөлшегі Жаңаарқа ауданының орталығынан небәрі 25 шақырым жерге түскен.Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданына Байқоңырдан ғарышқа аттанған жүк тасымалдау кемесінің қалдығы құлады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Прогресс МС-21" ғарыштық жүк тасымалдау кемесінің қалдығы Орынбай елдімекеніне түскен. Бөлшектің ұзындығы 10 метр, салмағы 1,5 тонна. Ғарыш кемесінің ұшу күні, уақыты және қалдықтың шамамен түсетін орны алдын ала белгіленген. Сондықтан, жергілікті әкімдік өкілдері тұрғындарды күні бұрын қауіпсіз жерге көшіргенін айтады.
Қазіргі таңда "Роскосмос" компаниясының мамандары арнайы шұғыл әрекет ету топтарын құрып, бөлшек құлаған жер қазір қоршауға алған. Арнайы күзет те қойылған.
Оқи отырыңыз:
- Ғарыштағы жарыс
- Илон Масктің қонатын зымырантасығышы Байқоңырдың бүгінгі тынысын тарылта ма? Фоторепортаж
Жоспар бойынша, мамандар маңайды қалдықтан тазалап, оны алып кетеді.
"Космодромнан ракета ұшардан екі сағат бұрын елді мекенде эвакуациялық жұмыстар жүргізілген. Қазіргі уақытта Роскосмос қызметтері ауылдың қасында жұмыс жүргізіп жатыр. Отынын айтсақ, ол гептил емес, керосин. Құлаған нысанның фрагменттері пластмассадан жасалған, халыққа еш зияны жоқ", – деді Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдай бойынша бас инспекторы Қанат Балтабаев.
Еске салайық, 23 жыл бұрын дәл осы ауданға зымыран қалдығы құлаған болатын.