Газ ақысын төлеуге арналған ваучер: Шымкентте жеңілдікті газ көлемі белгіленді
Ваучер атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алушыларға ғана беріледі.Шымкент қаласының әкімдігі тауарлық газға ваучер беру жобасы аясында жеңілдік жасалатын газ көлемін белгіледі.
"Пилоттық жоба кезеңінде Шымкент қаласында тұтынылған тауарлық газға ақы төлеу үшін есептеу аспаптары бар атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алушы тұтынушылардың айлық тұтыну нормасы жылыту маусымында 631 текше метрді, басқа уақытта 148 текше метрді құрайды", – делінген Шымкент әкімдігінің қаулысында.
Еске салайық, пилоттық ваучер беру жобасы алдымен Батыс Қазақстан облысы және Шымкент қаласында жүзеге асыралады. Аталған өңірлерде атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алушылар үшін "Әлеуметтік әмиян" жобасы аясында пилоттық режимде тауарлық газға ваучер беру жобасы жүзеге асырылады.
Жоба атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алушыларға тауарлық газ үшін төлемге жеңілдіктер беруді кеңірек қамтуға және автоматтандыруға бағытталған. Жеңілдік алу үшін тұрғындар өтініш бермейді, қызмет проактивті түрде жүзеге асырылады.
Жоба пилоттық режимде Шымкент қаласында және Батыс Қазақстан облысында іске асырылып, 6 айға созылады. Оның нәтижелері бойынша жобаны бүкіл Қазақстанға тарату туралы шешім қабылданады.
Оқи отырыңыз: Газ ақысын төлеуге арналған ваучер: Кімдерге жеңілдік жасалады