Гаухар Саймасаеваның "Қазақстанның тарихи тұлғалары" еңбегі "Жыл кітабы" атанды
Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ұлттық кітап күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
"Сан ғасырлар өтсе де, кітаптың адамзат үшін маңызы өзгерген жоқ. Бүгінде кітап – зияткер ұлт пен саналы қоғам қалыптастырудың негізгі құралына айналды. Қазіргі таңда қолданып жүрген барлық технология, медицина, өнер бәрі де кітап оқу арқылы дамыған. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, кітап ұлттың рухани құндылығына айналуы тиіс. Ұлттық кітап күнін атап өтудің басты мақсаты – осы", – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Салтанатты іс-шара аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялаған "Ұлттық кітап" республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауға кейінгі екі жылда жарық көрген отандық авторлардың туындылары ұсынылып, 9 номинация жеңімпаздары мен "Жыл кітабы" анықталды. Байқауға 120-дан астам өтінім түскен. Әр номинация бойынша жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Байқау жеңімпаздарының тізімімен осы жерден танысуға болады.
Оқи отырыңыз:
- Мемлекет басшысы Ұлттық кітап күнімен құттықтады
- Қазақстанның әрбір бесінші азаматы "Абай жолы" мен Абайдың "Қара сөздерін" оқыған
Іс-шара барысында сирек кітаптар мен қолжазбалар, Жеңістің 80 жылдығына арналған әдебиеттер, сондай-ақ 2024 жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген 200-ге жуық кітап пен суреттердің көрмесі ұсынылды.
Айта кетейік, Ұлттық кітап күніне орай 16-23 сәуір аралығында республика бойынша 300-ден астам тақырыптық іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған челлендж өтті. Оған алғашқылардың бірі болып ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері қатысып, көпшілікті кітап оқуға шақырды.