Музыкалық аспапта ойнауды үйрену егде жастағы адамдардың жадысын және жаңа ақпаратты меңгеру қабілетін жақсартуға көмектеседі. Әсіресе, дайын әуендерді жаттаудан гөрі музыкалық импровизациямен айналысудың әсері әлдеқайда жоғары. Мұндай қорытындыға Шеффилд университеті мен Батыс Сидней университетінің ғалымдары келді.

Зерттеу нәтижелері Royal Society of Open Science (RSOS) ғылыми журналында жарияланған. Ғалымдар алғаш рет музыкалық білімі жоқ егде жастағы адамдарға арналған екі түрлі оқыту тәсілін тікелей салыстырған. Бірінші әдіс – дайын музыкалық шығармаларды орындау болса, екіншісі – әуенді алдын ала жоспарламай, сол сәтте ойлап шығару, яғни импровизация.


Оқи отырыңыз: Жүкті әйелдерге қандай медициналық қызметтер тегін көрсетіледі? ӘМСҚ өкілі түсіндірді 


Тәжірибе барысында екі тәсілдің де когнитивтік функцияларға оң әсер ететіні анықталды. Алайда импровизациямен айналысқан қатысушыларда жады мен оқу қабілеті ғана емес, сонымен қатар моторлық дағдылардың да айтарлықтай жақсарғаны байқалған. Ғалымдардың айтуынша, импровизация кезінде ми бір мезетте бірнеше процесті іске қосады: тыңдау, шешім қабылдау, қозғалысты басқару және шығармашылық ойлау. Бұл ми қызметінің белсенділігін арттырып, қартаюға байланысты когнитивтік әлсіреуді баяулатуға ықпал етеді.

Зерттеу авторларының пікірінше, музыкалық импровизацияны егде жастағы адамдарға арналған білім беру және оңалту бағдарламаларына енгізу мидың саулығын сақтаудың тиімді тәсілдерінің бірі болуы мүмкін.