World Athletics ұйымының балаларға арналған ғаламдық Kids Athletics жобасы Қазақстанның Батыс өңірінде жалғасын тапты, деп хабарлады Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі. 

Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясы Туризм және спорт министрлігінің бастамасымен, сондай-ақ, Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен республика аумағында балалар жеңіл атлетикасын дамыту жұмысын жүзеге асыруда. 

Kids Athletics – балалар мен мектеп оқушылары арасында жеңіл атлетика негіздерін дамытуға арналған World Athletics жобасы. Бүгінде бұл жоба әлемнің жүзден аса елінде сәтті қолданылып келеді. Аталған бағдарлама қазіргі таңда Алматы және Қарағанды қалаларында жүзеге асырылып жатыр. 

Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясы еліміздің батыс өңірлеріндегі бұқаралық спортты дамытып, жеңіл атлетика негіздерін жолға қою мақсатында Kids Athletics жобасын Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында кеңінен танытуды қолға алды. Осы орайда, федерация мамандарынан, Kids Athletics сертификатталған лекторларынан жасақталған команда Орал қаласына арнайы сапармен барып, мектеп оқушылары мен дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында жеңіл атлетика негіздеріне арналған курс өткізді.

Курсқа облыстағы 120 мұғалім және 48 оқушы қатысып, жеңіл атлетика негіздеріне арналған дәрістер мен практикалық сабақтарды тыңдады. Сондай-ақ, оқушылар арасында жеңіл атлетикадан шағын жарыстар өткізілді.